Украина
Орталық және Шығыс Еуропадағы мемлекет / From Wikipedia, the free encyclopedia
Украина (укр. Україна, [ukrɑˈjinɑ]) — Шығыс Еуропадағы ірі мемлекет және Еуропадағы екінші ең ірі ел, 24 облыс пен Қырым Автономиялық Республикасынан тұрады. Жер көлемі 600 мың шаршы шақырымға тең. Солтүстігінде Беларусьпен, батысында Польша, Словакия мен Мажарстанмен, оңтүстік-батысында Румыния мен Молдовамен, шығысында Ресеймен және оңтүстігінде Қара мен Азов теңіздерімен шектеседі. Елдің астанасы және ең ірі қаласы — Киев.
41,6 миллион халқының 74 пайызы — украиндар. Одан басқа поляк, словак, румын, мажарлар бар, олар елдің батыс жағында қоныстанған болса, орыстар негізінен шығысында тұрады. Украинаның ресми тілі — украин тілі. Елдегі діншілдердің көпшілігі православие дінін ұстанады, сонымен қатар католицизмді, иудаизмді және исламды ұстанушылар бар.
1991 жылғы тамызда Украина КСРО құрамынан шығып, өз тәуелсіздігін алды.[6] 1996 жылы жаңа конституция қабылданды. Еуромайдан деп аталатын бірқатар жаппай шерулер 2014 жылы төңкерістен кейін жаңа еуропашыл үкіметтің құрылуына әкелді. Содан кейін Ресей Украинаның Қырым түбегін заңсыз түрде аннексиялады және ресейшіл толқулар Украинаның шығысындағы Ресей қолдайтын сепаратистер мен үкімет күштері арасындағы Донбасста соғысқа ұласты. Ресеймен соғыс басталғаннан бері Украина АҚШ, Еуропа Одағы және НАТО-мен тығыз байланыс орнатуды жалғастырды. Ресей 2022 жылы Украинаға басып кірді[7] және елдегі қақтығыстар әлі де жалғасуда.