Балық шаруашылығы
From Wikipedia, the free encyclopedia
Балық шаруашылығы – халық шаруашылығының балық аулау, тасымалдау, қорғау және өсірумен, өңдеумен, су өсімдіктерін жинаумен шұғылданатын саласы. Балық шаруашылығы бағалы тағамдар, балық ұны, майы, теңіз өсімдіктерінен йод, маннит, агар, т.б. емдік заттар, мал азығы мен техникалық өнімдер өндіреді. Қазақстанда 1919 жылы Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында Жайық – Жем балық аулау және аңшылық басқармасы, Арал қаласында Түркістан өлкелік балық шаруашылығы басқармасы ұйымдастырылды. Кейін бұл сала тұтынушыларға тағамдық белоктың 20%-ын беретін, қуатты аулау кемелерімен жабдықталған, өндірістік процестері механикаландырылған аса іргелі тамақ индустриясына айналды.[1]
Балық шаруашылығы бағалы тұқымдық балықтарды өсіріп, көбейтетін балық питомниктері, тауарлы-көл және тоған шаруашылықтары, машина-мелиоративтік станциялары, арнайы оқу орындары, балық сататын фирмалық дүкендері жұмыс істейді. Қазақстанның мыңдаған ірілі-ұсақты көлдері мен өзендері балық шаруашылығы қызмет етеді. Олардың жалпы аумағы 7,5 млн. га шамасында есептеледі. Су айдындарының ең ірілері: Каспий теңізі, Балқаш, Алакөл, Зайсан көлдері, Қапшағай, Бөген, Бұқтырма бөгендері, Жайық, Ертіс, Есіл өзендері. Дүние жүзі бойынша ауланған бекіре балықтарының 90%-ы Қазақстан балық шаруашылығының үлесіне тиеді. Қазіргі кезде республикада экологияның нашарлауына байланысты су айдынын қорғау, оларды ұдайы мелиорациялау, кәсіптік балықтардың сапасын жақсарту, балық өсіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл міндет Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына және балық қорғау ұйымдарына жүктелген.