Физикалық космология
From Wikipedia, the free encyclopedia
Физикалық космология (ағылш. Physical cosmology) — космологияның бір тармағы болып, ол космологиялық модельдерді зерттейді. Космологиялық модель, немесе жай космология, ғаламның Өлшемі алып құрылымы мен динамикасын сипаттайды және оның пайда болуы, құрылымы, эволюциясы және соңғы түпкі тағдыры туралы іргелі (fundamental) сұрақтарды зерттеуге мүмкіндік береді.
Космология ғылым ретінде аспан денелері жердегімен бірдей физика заңдарына бағынады делінетін Коперниктік принципі мен алғаш физика заңдарын математикалық түсінікті еткен Ньютон механикасынан бастау алады. Физикалық космология қазіргі мағынада 1915 жылы Альберт Эйнштейннің жалпы салыстырмалылық теориясы арқылы дамып, 1920 жылдардан бастап маңызды жаңалықтар ашылды: біріншіден, Эдвин Хаббл ғаламда Құс жолынан тыс көптеген алып галактикалар бар екенін анықтады; сосын Весто Слайфер (Vesto Slipher) және басқалар жасаған жұмыстары ғаламның кеңейіп жатқанын көрсетті. Осынау маңызды жетістіктер ғалам пайда болуы туралы ғылыми жорамал жасауға мүмкіндік берді және жетекші космологиялық модель ретінде Джордж Лемаитрдің (Georges Lemaître) Жойқын жарылыс теориясын (the Big Bang theory) жүйелеуге мүмкіндік берді. Кей зерттеушілер әлі де бірнеше альтернативті космологиялық моделді жақтайды, бірақ космологтардың көбі Жойқын жарылыс теориясы бақылау нәтижелерін ең жақсы түсіндіретіндігімен келіседі.
90-шы жылдардан бастап бақылау космологиясының дамуы, әсіресе ғарыш микротолқынды фонын, алыстағы ғаламатжұлдыздарды және галактиканың қызылға ығысуын зерттеуді қамтитын ірі жетістіктер космологияның стандартты моделін жетілдіруге серпін берді. Бұл стандартты модель ғаламның көп мөлшердегі қараңғы материя мен қараңғы энергияны қамтитынын айтады, тек олардың табиғаты әлі толық танылып болмады, бірақ модель көптеген әртүрлі бақылаулармен тамаша үйлесетін егжей-тегжейлі болжамдар жасады.
Космология теориялық физика мен қолданбалы физикадағы әртүрлі зерттеу бағыттарының жетістіктеріне көбірек сүйенеді. Космологияға қатысты салаларға бөлшек физикасының эксперименттері мен теориясы, теориялық және бақылаушы астрофизика, жалпы салыстырмалылық теориясы, кванттық механика және плазма физикасы қатарлылар жатады.