Шағатай қағанаты
From Wikipedia, the free encyclopedia
Шағатай ұлысы — Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатай билік құрған әкімшілік аймақ. Шыңғыс хан Орталық Азиядан жаулап алған жерлерін төрт ұлының (Жошы, Шағатай, Үгедей, Төле) үлесіне бөліп бергенде Шағатайға Әмудария, Сырдария, Мауераннахр, Жетісу, Іле, Шығыс Түркістан (бұрынғы Батыс Ляо мемлекеті негізінде) жерлері тиді. Ұлыс орталығы әр жылдары Алмалық, Қиялық, Карши, Ақсу қалалары болды. Шағатай ұлысының халқы отырықшы және көшпелі екі бөлімнен құралды. Отырықшы Мауераннахр аумағын империя орталығынан тағайындалған Махмұт Ялавач, кейіннен оның ұлы Масуд Бек басқарды. Көшпелі шығыс жағы тікелей Шағатай әулетінің билігінде болды. 1229 жылы Үгедей ұлы хан тағына отырысымен Үгедей ұлысы іс жүзінде Шағатай ұлысына біріктірілді. 1242 жылы Шағатай өлгесін оның өсиеті бойынша немересі Қаракүлік (Мутугеннің ұлы) таққа отырды. 13 ғасырдың орта тұсындағы Шыңғыс хан империясындағы саяси жағдай және ұлыс билігіне кім келуіне байланысты Шағатай ұлысы аумағы үнемі өзгеріп отырды. 1224 — 1346 жылдары аралығында Шағатай ұлысына осы әулеттен шыққан 23 хан (Шағатай, Қаракүлік, Есенмөңке, Эрхунехатун, Алгуй, Мүбарак-шах, Барақ, Нықпай, Бөкетемір, Дува, Қоншық, Талбұға, Есенбөх, Кебек хан, Елжигдэй, Дуватемір, Тармашырын, Божан, Жанкешті, Әлисұлтан, Есентемір, Торалшытемір (Мухаммед және Қазан) билік құрды. Тек 1330 — 46 жылы ғана 10 хан алмасты.