2022 жылғы Қазақстандағы наразылық шаралары
сұйытылған табиғи газдың кенеттен қымбаттауына байланысты 2022 жылдың 2 қаңтарында басталған наразылық шаралары / From Wikipedia, the free encyclopedia
2022 жылғы Қазақстандағы наразылық шаралары (немесе Қанды қаңтар, Қаңтар оқиғасы, Қаңтар трагедиясы) — сұйытылған газдың кенеттен қымбаттауына байланысты Қазақстанда басталған наразылық шаралары. 2 қаңтарда бастау алған бұл оқиғалар тәуелсіз Қазақстанның 30-жылдық тарихындағы ең қарқынды әрі қатал қақтығысқа айналды[9].
2022 жылғы Қазақстандағы наразылық шаралары | |
Ақтөбенің орталық алаңына шыққан шерушілер, 2022 жылдың 4 қаңтары. | |
Дата | 2022 жылдың 2—11 қаңтары |
---|---|
Орны | Қазақстан |
Себебі |
|
Мақсат |
|
Нәтижесі |
|
Шығын | |
Өлім | |
Жарақат алғандар | 4353 адам (оның ішінде 3393 құқық қорғау органдарының қызметкері)[6] |
Мүліктік шығын | 100 млрд теңгеден астам[6] |
Тергеу | 3702 қылмыстық іс[7] |
Тұтқындалғандар | 9900 адам[8] |
Күдіктілер | 547 адам[7] |
Айыпталушылар | 269 адам қамауда[7] |
Сотталғандар | 152 адам[7] |
өңдеу |
Алғашында Жаңаөзен қаласында басталған шеру артынан Қазақстанның басқа қалаларына да таралды. Халық Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Қарағанды, Астана, Шымкент, Көкшетау, Орал және т. б. қалалардың көшелеріне шығып, экономикалық талаптармен қоса саяси өзгерістерді талап ете бастады. Бастапқыда бейбіт басталған наразылық шаралары артынан қарулы қақтығыстар мен тонаушылыққа ұласты (негізінен Алматы қаласында). 5 қаңтарда басталған тәртіпсіздіктер ресми деңгейде мемлекеттік төңкеріс деп аталды[10].
2022 жылдың 2 қаңтарында Жаңаөзен қаласының наразы тұрғындары сұйытылған табиғи газдың бағасын төмендетуді талап етіп, автокөлік жолын бөгеп тастады[11]. Халық қала және облыс әкімдерінен бағаны тұрақтатуды және көгілдір отынның тапшылығын жоюды талап етті. Бұл талаптар орындалмағасын наразылық шаралары келесі күні де жалғасын тапты. 4 қаңтар күні Қазақстан үкіметі Маңғыстау облысындағы сұйытылған газдың бағасы литріне 50 теңгеге дейін төмендетілгенін мәлімдеді[12], президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жариялап, заңсыздықты болдырмауды сұрады.
Жаңаөзенде бастау алған наразылық шараларын Қазақстанның басқа ірі қалаларының тұрғындары қолдап, көшеге шеруге шықты. Алматы қаласында шерушілер полиция көліктерін қиратып, олар өртке оранды. Жүздеген адам қамауға алынып[13][14], 4 қаңтар күні түнде ел аймағында Интернет байланысы өшірілді. Маңғыстау облысы мен Алматы қаласының аумағында төтенше жағдай енгізілді. 5 қаңтар күні таңертең Қазақстан үкіметінің отставкаға кеткені белгілі болды[15].
Елдегі жағдайдың шиеленісуіне байланысты, 5 қаңтарда төтенше жағдай Қазақстанның барлық аумағында енгізілді. Шерушілер маңызды нысандарға шабуыл жасап, Алматы, Талдықорған қалаларындағы әкімдік ғимараттары, Алматы әуежайы наразы халықтың қолына өтті. Артынша Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) басшыларынан көмек сұрағанын мәлімдеді. 10 қаңтарда ҰҚК тәртіпсіздіктер кезінде басып алынған барлық әкімшілік нысандардың қайтарылғанын, елдегі жағдайдың тұрақталғанын мәлімдеді. 11 қаңтарға дейін тәртіпсіздікке қатысып, қамауға алынған адамдардың саны 10 мыңға жуықтады. Тонаушылық пен бұзақылықтың салдарынан кәсіпкерлерге келтірілген шығынның мөлшері 100 миллиард теңгеден асты[6]. Оқиға бойынша жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.